Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Dauletten.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек әріптесін туған күнімен құттықтап, бауырлас Өзбекстан халқының игілігі жолында атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің беделді көшбасшылығының нәтижесінде Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
Әңгіме барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әрі одақтастық сипаттағы қатынастардың сенім мен тату көршілікке, өзара қолдауға негізделіп қалыптасқанына назар аударылды. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде нығайып келе жатқаны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүкіл Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы көбіне Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ықпалдастыққа тікелей байланысты. Осыған орай тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілету бағытында нақты қадамдар жасап жатыр.
Сонымен қатар екі ел президенттері өңірлік кооперацияның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулердің күн тәртібін талқылады.