| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде халыққа тікелей әсер ететін жаңа нысандар іске қосылды. Медицина, жол, өндіріс және қауіпсіздік бағыттарындағы жобалар бірнеше облысты қамтыды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан өңірлерінде әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба аяқталып, жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Олардың қатарында медициналық орталықтар, зертханалар, жол учаскелері, өндірістік кешендер мен әлеуметтік нысандар бар.
Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясының сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаға 30 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Қазір ферма 1,2 мың сауын сиырға есептелген. Жоба толық қуатына шыққанда сиыр саны 6 мыңға, ал жалпы мал басы 15 мыңнан асады.
Қарағандыда геологиялық барлауға арналған «ЖаңаLAB» зертханалық-талдау кешені де жұмысын бастады. Құны шамамен 9 млрд теңге болатын нысан жылына 200 мыңға дейін сынама жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында шамамен 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Медицина саласында да маңызды өзгерістер бар. Түркістан қаласында бұған дейін өңірде болмаған вирусологиялық зертхана іске қосылды. Енді биологиялық сынамаларды басқа облыстарға жібермей, қажетті зерттеулерді жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл диагностика уақытын қысқартуға тиіс.
Ақтөбе облысының Бадамша ауылында төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Мұнда УДЗ, ЭКГ, маммография, флюорография, рентген және ФГДС кабинеттері жұмыс істейді. Биохимиялық зерттеулер жүргізуге де жағдай жасалған.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі екі жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Бір көлікте компьютерлік томограф, екіншісінде цифрлық маммограф пен сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппараты орнатылған. Мұндай кешендер шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық тексерулерді жақындатуға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» жолының 42 шақырымдық учаскесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жұмыс белгіленген мерзімнен екі ай бұрын біткен. Ал Түркістан облысындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртылып, оның аумағы 449,1 шаршы метрден 558,5 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Қауіпсіздік пен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты жобалар да назардан тыс қалмаған. Абай облысының Бесқарағай ауданында жаңа өрт сөндіру стансасы ашылды. Бұл жерде 390 мың гектарға жуық орман алқабы орналасқандықтан, нысанның өңір үшін маңызы жоғары.
Шығыс Қазақстан облысында Қасым Қайсенов кентінде 16 мың шаршы метрге жуық аумақта жаңа сквер ашылды. Ал Самар ауданындағы Құлынжон ауылында мектеп-интернат пен спорт кешені пайдалануға берілді.
Осы жобалардың барлығы өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, тұрғындарға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.