| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мемлекет басшысының ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту және азаматтарды заманауи телекоммуникациялық қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасын жүзеге асыруға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба ұлттық спутниктік байланыс жүйесі мен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Dauletten.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Бөлінген қаражат қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін жасауға жұмсалады. KazSat-3-тің жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа аппарат ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды.
Қазіргі таңда KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған және телехабар тарату қызметін 2 млн-нан астам абонент пайдаланады.
Қазақстанда телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылдағы негізгі нәтижелердің бірі – жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімді халық үлесі 99%-ға жетті. Бүгінде 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Шалғай және қатынауы қиын аумақтарды байланыспен қамту үшін спутниктік технологиялар қолданылуда. Соның арқасында жерүсті инфрақұрылымын салу қиын елді мекендер де интернетке қол жеткізуде. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейту, «Соңғы миль» жобасын іске асыру, 5G желісін дамыту, автожолдарды мобильді байланыспен қамту және заманауи спутниктік шешімдерді енгізу сияқты негізгі жобаларды жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымды дамыту қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар заманауи цифрлық қызметтерге қолжетімділік те кеңейіп келеді: бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіледі, Қазақстанда өз суперкомпьютерлік қуаттар мен QazTech бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды. Бұл жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы одан әрі дамытуға негіз қалайды.
Осылайша, KazSat-3R байланыс спутнигін жасау және Жерді қашықтан зондтау саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның ғарыш саласының одан әрі дамуына және оның технологиялық әлеуетінің артуына ықпал етеді.