| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстандықтар енді зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. БЖЗҚ жаңа басқарушыларды жүйеге қосып, салымшыларға инвестициялық таңдау мүмкіндігін кеңейтті, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Tansar Capital» АҚ-пен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы келісім жасасты. Осылайша компания инвестициялық портфельді басқарушылар қатарына қосылып, салымшылардың қаражатын басқару мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай компаниялар арнайы талаптар негізінде іріктеледі. Атап айтқанда, олардың қаржылық тұрақтылығы, лицензиясының болуы, нарықтағы тәжірибесі және реттеуші талаптарына сәйкестігі ескеріледі. «Tansar Capital» АҚ да осы талаптарға сай деп танылған.
Жаңа жүйе бойынша салымшылар өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық компанияларға сеніп тапсыра алады. Таңдау инвестициялық стратегияларға байланысты жүзеге асады: тәуекелі төмен немесе жоғары табысқа бағытталған нұсқалар ұсынылады.
Зейнетақы активтерін басқаруға бірнеше компания қатысады. Олардың қатарында «Alatau City Invest», «BCC Invest», «Halyk Finance», «Halyk Global Markets» және «Сентрас Секьюритиз» бар.
Мамандардың айтуынша, зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру табыстылықты бірден арттырады дегенді білдірмейді. «БЖЗҚ» дерегінше, инвестициялық портфельдің нәтижесі кемінде 36 айлық кезеңмен бағаланады. Сондықтан қысқа мерзімді емес, ұзақ уақыттағы көрсеткіштер негізгі рөл атқарады. Нарықтағы жағдай мен басқарушы компанияның стратегиясына қарай табыс та өзгеріп отыруы мүмкін.
Зейнетақы активтерін басқару қалай өзгеріп жатыр?
Қазіргі уақытта зейнетақы жүйесі біртіндеп жаңа форматқа көшіп келеді. Енді салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық компанияларға сеніп тапсыру немесе өздері таңдаған басқарушыны белгілеу құқығына ие бола алады.
«БЖЗҚ» АҚ мәліметінше, Әлеуметтік кодекс аясында қаражатты басқаруға беру шектері белгіленген: міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақтың 50%-ына дейінін басқарушы компанияларға аударуға болады. Ал ерікті жарналар бойынша толық көлемде, яғни 100%-ын беру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті рәсімделген жағдайда жинақтың толық сомасы да басқаруға берілуі мүмкін.
Бұл өзгеріс зейнетақы жүйесін әртараптандыруға және инвестициялық табыстылықты арттыруға бағытталған.