Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы аумағында жол қозғалысын бақылауға арналған 10 жаңа мобильді бейнебақылау жүйесі іске қосылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Олардың қатарында бес бірлік Ekin Patrol (кибер-шерифтер үлгісіндегі) және бес X-Spotter жасырын бақылау камерасы бар. Аталған құрылғылардың төртеуі арнайы белгісі мен жарық шамы жоқ қызметтік автокөліктерге, ал біреуі қалаішілік автобусқа орнатылған.
Камералар көлік құралдарының жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, дұрыс емес жерге тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу деректерін автоматты түрде тіркейді. Жүйелер қала ішінде де, тас жолдарда да жұмыс істейді.
Мобильді жүйелер іске қосылғаннан кейін кейбір жүргізушілер өздеріне келген айыппұлдармен келіспейтінін білдіріп, шағым түсірді. Полицияның мәліметінше, X-Spotter жүйесінің жұмысына қатысты қазіргі таңда 38 азаматтық өтініш тіркелген. Барлық шағымдар жоспарлы түрде қаралып жатыр.
Мысалы, кейбір жүргізушілерге шындыққа сәйкес келмейтін жылдамдық көрсеткіштері бойынша айыппұлдар келген. Бұл мәселелер бойынша «Алатау Смарт Технолоджи Қазақстан» ЖШС-не ресми сұрау жолданып, жүйенің дұрыстығы тексерілуде.
– Пайдалануға енгізер алдында әрбір Ekin X-Spotter құрылғысы техникалық баптаудан өтеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жол қозғалысына жасырын бақылау жүргізуге тыйым салынбаған. Жүйе іске қосылғалы бері 1244 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Алайда бірқатар жағдайларда бұзушылықтардың дұрыс тіркелмегені анықталып, 38 айыппұлдың күші жойылды, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті.
Айыппұлмен келіспеген жағдайда не істеу керек?
Ведомство өкілдерінің айтуынша, егер азамат бейнебақылау жүйесінің дұрыс жұмыс істемегеніне күмәнданса, айыппұлмен келіспеуге құқылы. Мұндай жағдайда қызмет көрсетуші компания тиісті техникалық сараптама жүргізіп, құрылғыда ақау болғанын растаған жағдайда айыппұл жойылады.
Жүргізушілер БҚО ПД Әкімшілік практика бөліміне жүгініп, нақты жол қозғалысы ережесін бұзу дерегінің бейнежазбасын қарап, түсініктеме алуға мүмкіндік ала алады.