| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Мерекелерді «харам» мен «халал» деп бөлу қоғамда жиі дау тудырады. Жаңа жылға қатысты осы көзқарас жөнінде Нұрлан имам діннің өмірмен үйлесімді болуы керегін алға тартты, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жаңа жыл жақындаған сайын қоғамда «мұсылмандарға бұл мерекені тойлауға болмайды» деген пікірлер жиі айтылады. Кейбіреулер оны дінге қайшы деп бағаласа, енді бірі бұл көзқарасты тым қатаң әрі біржақты деп санайды.
Осы мәселеге қатысты Нұрлан имам өз пікірін білдіріп, діни үкім шығаруда асығыстыққа жол бермеуге шақырды.
Имамның айтуынша, кез келген мерекеге тек «харам» немесе «халал» деген тар шеңбермен қарау дұрыс емес. Егер осы өлшемді бәріне бірдей қолданатын болсақ, онда мемлекеттік деңгейде атап өтілетін күндер де, ұлттық мейрамдар да, тіпті адамның жеке қуанышына айналған туған күні де күмәнді болып шығады.
- Онда бәрін бірдей алып тастауымыз керек пе? Мұндай ұстаным дінді өмірден алшақтатып, оны тек тыйымдар жиынтығы ретінде көрсетеді, – деді Нұрлан имам.
Имам мерекеге баға беруде оның атауына емес, мазмұнына назар аудару қажет екенін атап өтті. Егер Жаңа жыл қарсаңында жасалатын әрекеттер адамгершілікке қайшы болмаса, өзгеге зиян тигізбесе, күнәға апармайтын болса, оны дінмен қарсы қоюдың негізі жоқ.
- Мәселе мерекеде емес, сол күні не істеліп жатқанында. Егер адам ішімдікке салынбай, ысырапқа жол бермей, отбасымен тыныш отырып, өткеніне ой жүгіртіп, болашағына жақсы ниет етсе – мұнда дінге қарсы келетін нәрсе жоқ, – дейді ол.
Нұрлан имамның пікірінше, мұсылман адам кез келген жағдайда өз ұстанымын сақтауы керек, бірақ бұл үшін қоғамдағы барлық дәстүр мен ортақ қуаныштан бас тарту міндет емес. Дін – тыйымдар жиынтығы емес, адамға бағыт-бағдар беретін рухани жол.