| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Жоба ірі және ұсақ мал өсіретін жаңа шаруашылықтарды қаржылай қолдауға арналған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында «Жайлау» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында кемінде 300 бас ірі қара немесе 1000 бас ұсақ мал ұстайтын жаңа шаруашылықтарға жеңілдетілген несие беріледі.
Бағдарламаның негізгі шарттарына сәйкес, несие мөлшерлемесі жылдық 6 пайызға дейін белгіленген. Қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін созылады. Ірі қара мал шаруашылығына 350 миллион теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығына 200 миллион теңгеге дейін қаражат қарастырылған.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған «Игілік», «Береке» және «Айналым қаражатын толықтыру» бағдарламаларының мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді бұл бағдарламалар тек ірі қара өсірушілерді ғана емес, қой, жылқы, түйе, марал, ара және шошқа шаруашылықтарын да қамтиды.
«Игілік» пен «Береке» бағдарламалары асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Бұл бағдарламалар бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6 пайызға дейін, ал өтеу мерзімі 7 жылға дейін белгіленген. Сондай-ақ негізгі қарыз бен сыйақыны төлеуге 12 айдан 30 айға дейін жеңілдік кезеңі ұсынылады.
Ал «Айналым қаражатын толықтыру» бағдарламасы шаруашылықтардың күнделікті қажеттіліктерін қаржыландыруға арналған. Оның аясында жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринариялық препараттар, еңбекақы төлемдері мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға қаражат алуға болады. Бұл бағдарлама бойынша мөлшерлеме 5 пайызға дейін, ал несие мерзімі 12 айға дейін қарастырылған.
Бағдарламалар туралы толық ақпаратты «Аграрлық несие корпорациясының» өңірлік филиалдарынан және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан алуға болады.