| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жоғарғы Сотта аса ауыр және өзге де бірқатар қылмыстар бойынша сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру тәртібін жетілдіру мәселесі талқыланды. Күн тәртібінде бұл өтініштерді алқабилердің қатысуымен қарауды көздейтін пилоттық жобаны енгізу ұсынысы қаралды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиын барысында сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішхаттарын қарау тәртібін жаңарту тетіктері сөз болды.
Іс-шараға судьялар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ғылыми қауымдастық өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Республикалық адвокаттар алқасының мүшелері қатысты. Қатысушылар қолданыстағы тәжірибені саралап, ұсынылып отырған өзгерістердің құқықтық және қоғамдық маңызын талқылады.
Кездесуде сот практикасын біріздендіру бағытында атқарылған жұмыстарға назар аударылды. Соңғы деректерге сәйкес, 2025 жылы жазаны ауыстыру туралы қанағаттандырылған өтініштердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 8 пайыздық тармаққа өсіп, 38,9%-ды құраған. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініштерді қанағаттандыру көрсеткіші 53,9%-ға жеткен.
Сонымен қатар, бұл мәселенің қоғам үшін сезімтал екені атап өтілді. Ұсынылған бастама жазалау саясатының гуманистік қағидаттарын қайта қарауды емес, рәсімдердің айқындылығы мен ашықтығын күшейтуді, сондай-ақ қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуді көздейді.
Талқылау барысында сарапшылар әртүрлі пікір білдірді. Бірқатар қатысушылар қолданыстағы тетіктер жеткілікті деп есептесе, енді біреулері алқабилер институтын енгізу сот шешімдеріне деген сенімді арттыруға ықпал етеді деген көзқарас айтты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар жинақталып, заңнаманы жетілдіру бағытында тиісті ұсынымдар әзірленетін болды.