| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Шымкентте өткен IX Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелде (KGIR) Қазақстанның көлік саласын цифрландыратын ірі келісімге қол қойылды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Freedom Holding Corp. еншілес ұйымы — «Freedom Lab» ЖШС еліміздің автожолдарындағы жүк ағынын бақылайтын интеллектуалды жүйені дамытуға 112 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция бағыттайды.
Жолдарды цифрлық бақылау: Жоба аясында не өзгереді?
Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі — отандық жолдардың мезгілсіз тозуына себеп болатын басты факторлардың бірі. Жаңа жоба аясында Қазақстан аумағында Автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйе (АЖБИЖ) енгізіледі.
Бұған дейін орнатылған 85 автоматты өлшеу станциясы толық жаңғыртылады;
Қосымша 135 жаңа заманауи станция іске қосылады;
Барлық заманауи кешендердің жұмысын үйлестіретін бірыңғай цифрлық оператор құрылады.
Бұл кешендер жүк көліктерінің салмағын, габариттерін және әрбір оське түсетін салмақты қозғалыс үстінде-ақ автоматты түрде анықтайды. Жиналған барлық деректер орталықтандырылған платформаға түсіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен онлайн режимінде алмасады. Талап бұзғандар бойынша түпкілікті шешімді және айыппұл тағайындауды уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Мемлекет 1 трлн теңге үнемдейді
Сарапшылардың пайымдауынша, бытыраңқы станциялардан бірыңғай цифрлық бақылау экожүйесіне көшу ел экономикасына орасан зор пайда әкеледі. Жүйе еліміздегі жүк тасымалының шамамен 80 пайызын қамтымақ.
- Бұл — деректерді жинаудан бастап, талдауға дейінгі барлық процесті бір арнаға тоғыстыратын тұтас жүйе. Алдын ала жасалған есептеулерге сүйенсек, автожол инфрақұрылымына төнетін залалды азайтудың арқасында мемлекет үшін экономикалық тиімділік шамамен 1 триллион теңгені құрайды, — деп атап өтті «Freedom Lab» ЖШС бас директоры Шыңғыс Құлахметов
Жобаның басты міндеті — жол сапасын сақтау болғанымен, ол жол қауіпсіздігін арттыруға да тікелей әсер етеді. АЖБИЖ ахуалдық орталығы құрылғылардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, фактілердің дәлдігіне жауап береді. Тұрақты бақылау жүргізушілерді тәртіпке шақырады.
Мамандардың 10 жылдық болжамды есебіне сәйкес:
400-ге жуық жол-көлік оқиғасының (ЖКО) алдын алуға болады;
177 адамның өмірі сақталады;
1 400-ден астам азаматтың жарақат алу қаупі азаяды.
Жол инфрақұрылымын цифрландыру туралы уағдаластық Шымкент қаласында өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR) халықаралық форумында бекітілді. Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор қатысқан бұл алқалы жиында жалпы құны 4,8 млрд АҚШ долларына тең 22 маңызды құжатқа қол қойылды.
Форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге инновациялық технологияларды тартып, жаңа өндіріс пен цифрлық инфрақұрылым құру — ұлттық экономиканы жаңғыртудың негізгі дөңгелегі екенін атап өтті.