| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Оралда 158 миллион теңгеден астам шығын келтірген алаяқ әйел сотталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Орал қаласында азаматтарды алдап, 158 миллион теңгеден астам шығын келтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, 2024–2025 жылдары сотталушы өзін түрлі банктердің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға ипотекалық несие рәсімдеуге, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуді ұсынған. Сондай-ақ автобизнес пен жеке кәсіпкерлікке ақша салып, жоғары табыс табуға уәде берген.
Алғашында ол жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен бұрын ақша салған адамдарға пайызымен төлем жасап, сенімге кірген. Кейін ірі сомаларды иемденіп отырған. Іс бойынша алаяқтықтың 26 эпизоды анықталып, келтірілген залал 158 миллион теңгеден асқан.
Сотта әйел кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 4 жылға кейінге қалдырылды. Сотталған әйел сот залынан босатылып, оның мінез-құлқын бақылау пробация қызметіне жүктелді.
Жәбірленушілердің материалдық залалды өтеу туралы талаптарының басым бөлігі 100 миллион теңгеден астам сомаға толық немесе ішінара қанағаттандырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.