| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Адам өмірінің әр белесі өзінше қымбат. Ал қарттық – сол ғұмыр жолының ең терең мағынаға толы шағы. Өйткені әр әжімнің ар жағында бір тарих, әр ақ шаштың астарында талай тағдыр мен ұрпаққа аманат болар өнеге жатыр. 1 қазан – Қарттар күні. Бұл – үлкенге құрмет көрсетіп, ақылын тыңдап, батасын алатын ерекше күн. Қазыналы қарттарымыздың ғибратты ғұмыры – кейінгі буын үшін баға жетпес мұра, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бүгінде Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар. Еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер – 106 жастағы қарт ана. Ол отбасымен Шымкент қаласында тұрады. Ал ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер Алматы қаласында өмір сүріп келеді. 104 жастағы соғыс ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор – ел тарихының талай белесіне куә болған абыз ақсақал.
Қазіргі таңда республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Олардың 64 пайызы – әйелдер, 36 пайызы – ер адамдар. Қарттар – өткеннің куәгері ғана емес, бүгіннің берекесі. Олардың әрбір сөзі – өмірден алынған сабақ, әрбір батасы – кейінгі ұрпаққа жол сілтер шамшырақ.
Қариясын құрметтеген елдің қашанда ырысы артып, ұрпағы өнегелі болмақ. Сондықтан қарттар күні – күнтізбедегі бір күн ғана емес, үлкенге деген ізет пен алғысымызды еске салатын мерейлі мезет.
Ақ жаулықты әжелеріміздің ақ тілегі, ақсақалдарымыздың батасы ортаймасын. Ұзақ ғұмыр сүрген қарттарымыздың ғибратты жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала берсін!