| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2027 жылғы республикалық бюджет жобасында Құрылтайдың жұмысын қамтамасыз етуге 22,53 млрд теңге қарастырылған. 145 депутатты есепке алғанда, бір депутатқа шаққандағы жылдық шығын шамамен 155,3 млн теңгені құрайды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда Құрылтайдың қызметін қамтамасыз етуге бюджеттен қомақты қаражат бағытталмақ. 2027 жылғы республикалық бюджет жобасында бұл мақсатқа 22,53 млрд теңге қарастырылған.
Құрылтай құрамында 145 депутат бар. Осы соманы депутаттар санына бөлгенде, бір депутатқа жылына шамамен 155,3 млн теңгеден келеді.
Алайда бұл қаржының барлығы депутаттың жалақысы деген сөз емес. Бір депутатқа шаққандағы есепке Құрылтайдың жалпы жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар кіреді.
Олардың қатарында қызметкерлердің еңбекақысы, депутаттардың көмекшілеріне төленетін қаражат, коммуналдық қызметтер, кеңсе тауарлары, іссапар шығындары, депутаттардың тұруына байланысты төлемдер және басқа да әкімшілік қажеттіліктер бар.
Яғни 155,3 млн теңге — бір депутаттың қолына түсетін ақша емес, оның жұмысына және Құрылтай институтының қызметіне бір жылда жұмсалатын орташа бюджет шығыны.
Салыстыру үшін, 2026 жылы қос палаталы Парламенттің қызметін қамтамасыз етуге 31,96 млрд теңге жоспарланған. Ол кезде Мәжілісте 98, Сенатта 50 депутат болған. Сонымен бірге екі палатаның жеке әкімшілік аппараттары жұмыс істеді.
Ал 2027 жылы жаңадан құрылатын Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне 1,76 млрд теңге қарастырылған.
Осылайша, бюджет жобасындағы сандар Құрылтайдың ғана емес, жаңа мемлекеттік құрылымдардың қызметіне қанша қаражат бағытталатынын да көрсетеді. Бір депутатқа шаққандағы 155,3 млн теңге осы жалпы шығын көлемін түсінудің бір тәсілі ғана.