Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Шымкентте мүгедектігі бар қызға зорлық көрсеткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұған дейін 22 жастағы бойжеткенге бірнеше ер адамның зорлық көрсеткені туралы ақпарат тараған болатын. Олардың арам ойларын бір емес, бірнеше рет жүзеге асырғаны айтылған.
Оқиға 21 наурыз күні болған. Үш ер адам студент қызды көлікке күштеп отырғызып, қала шетіне апарып, зорлаған. Сонымен қатар, күдіктілер болған жағдайды видеоға түсіріп, сол жазбамен бойжеткенді 8 ай бойы қорқытып, қорлаған. Кей кездері үйде ешкім болмаған кезде күшпен кіріп, тағы да зорлық әрекеттеріне барғаны хабарланған. Алайда сот барысында бейнежазбаның жоқтығы анықталды.
- Екеуі сыныптас болған. Қызбен екеуі бірге танысқан. Араларында қарым-қатынас болған. Кейін қызғаныш себеп болған. Такси жүргізушісі бұл оқиғада куә ретінде өтті. Ол қызға тиіспегенін жәбірленуші де растады, — деді құқық қорғаушы Гүлайхан Тұрсуманова.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тек бір күдіктінің кінәсі дәлелденді. Шымкенттегі соттың шешімімен, 28 жастағы азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушіге 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
- Сот отырысында жәбірленуші айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза беруді өтінді. Сот оның өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алып, ауырлататын жағдайлар болмағанын ескерді. Нәтижесінде, ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, — делінген Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша тағы бір күдіктінің ісі Түркістанда қаралуда. Ал такси жүргізушісі куәгер ретінде танылғанымен, жәбірленушілер оны қылмысты жасыруда деп айыптап, сотқа беруді жоспарлап отыр.