| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ұлттық банк елдегі инфляция қарқынының саябырсуына байланысты базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа азайтты. Бас қаржы реттеушісі бұл қадамды баға өсімінің баяулауымен және ұлттық валютаның нығаюымен түсіндіріп отыр, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, елдегі жылдық инфляция 11 ай бойы үздіксіз баяулап, тамыз қорытындысында 9,8%-ды құрады. Көрсеткіштің бір таңбалы санға түсуі — соңғы жылдардағы елеулі өзгеріс. Баға өсімінің тежелуіне әсіресе маусымдық жеміс-жидек пен көкөністің арзандауы (азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін түсті) және теңге бағамының бекемделуі тікелей әсер етті. Мұнайдың тиімді бағасы мен қатаң монетарлық саясат импорттық тауарлардың қымбаттауын ұстап тұр.
Сонымен бірге, тұтынушылардың психологиялық көңіл-күйі де оң жаққа өзгерген: тұрғындардың алдағы жылға арналған инфляциялық күтулері 13,4%-дан 12,1%-ға дейін төмендеді. Экономиканың нақты секторында да белсенділік байқалады. Жылдың алғашқы жеті айында ЖІӨ 4,1%-ға өсті, ал тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда бұл өсім 5,4%-ды құрады.
Дегенмен, Ұлттық банк ұстамды позициядан тана қойған жоқ. Әлемдік нарықтағы азық-түлік пен энергия ресурстарының құбылмалылығы, геосаяси белгісіздік және ішкі сұраныс пен ұсыныстағы сәйкессіздіктер бағаға қайта қысым түсіруі мүмкін. Осыған байланысты реттеуші 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% деңгейінде қалдырса, 2027 жылға арналған межені 6,5-8,5%-ға дейін көтерді. Тек 2028 жылға қарай инфляцияны мақсатты 5%-дық деңгейге жеткізу көзделіп отыр.
Ұлттық банктің бұл шешімі — абайлап басылған оң қадам. Мөлшерлеменің төмендеуі бизнеске несиелік ресурстардың сәл де болса қолжетімді бола түсетінін білдіреді. Алайда, инфляцияның бір таңбалы деңгейге өтуі «баға өсуін толық ауыздықтадық» дегенді білдірмейді.
Реттеушінің 2027 жылға арналған инфляциялық болжамды өсіруі — ішкі және сыртқы тәуекелдердің әлі де жоғары екенін ашық мойындау. Демек, арзанырақ несие толқыны бірден жүріп кетпейді. Ұлттық банк сақтық саясатын ары қарай да ұстанады, ал баға тұрақтылығы енді тек монетарлық тұтқаларға емес, Үкіметтің фискалдық тәртіпті каншалықты қатаң сақтауына тікелей байланысты болмақ.