| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 9 қыркүйек күні XXXVI маусымыy ашады. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы, – деп хабарлайды Dauletten.kz.
«Қарагөз» – қазақ драматургиясының алтын қорындағы шығармалардың бірі. Театрдың баспасөз қызметі хабарлағандай, Спектакльде Сырым мен Қарагөздің тағдыры арқылы махаббат пен дәстүр, жеке адамның таңдауы мен қоғамдық көзқарас арасындағы қайшылықтар көрсетіледі.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева. Қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов, композиторы – Олжас Дәлелхан, хореографы – Салтанат Сұңғат, киім суретшісі – Мадина Қосмағанбетова.
Қарагөз рөлін актриса, ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева сомдайды. Сырым рөлінде – Әнуар Бектас, Нарша рөлінде – Бәзіл Сұлтанғазы.
Спектакльде сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегерлері Майра Омар мен Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбай, актриса Айнұр Жетпісбаева және басқа да актерлер өнер көрсетеді.

Жаңа маусымда театр көрерменге классикалық шығармалармен қатар, заманауи драматургия туындыларын және түрлі жанрдағы спектакльдерді ұсынады.
Қыркүйек айының репертуарында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» драмасы, Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымы, Сәбит Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы, Жанар Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы және Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы бар.
Сонымен қатар Уильям Шекспирдің «Romeo& Juliet» синема-эпосы, балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы, «Құмқала» және «Бала мерген» ертегілері, Лев Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, Қанат Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!» комедиясы, Бертольт Брехттің «Шеңбер» драмасы және Сәбит Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасы ұсынылады.
Репертуарда Дулат Исабековтің «Қазақы комедия немесе Бонапарттың үйленуі» комедиясы, «Кешкі 7» спектакль-концерті, Ермек Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясы, Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасы, Георг Бюхнердің «Войцек» драмасы, Э. Хушвақтовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясы және Роза Мұқанованың «Бопай ханым» спектаклі де бар.
Жаңа маусымда театр ұжымы бірқатар республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, өңірлерге гастрольдік сапарлар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Қыркүйек айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиеваның режиссерлігімен сахналанған Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы Павлодар қаласында өтетін «Ертіс-Баян» республикалық театрлар фестиваліне қатысады.
Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасы, режиссері Айрат Абушахманов, Арқалық қаласына, Жангелдин және Амангелді ауылдарына гастрольдік сапармен аттанады. Театрдың мәліметінше, бұл сапар театр өнерін өңір көрермендеріне жақындатып, шығармашылық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазан айында Лев Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, режиссері Рача Махатаев, ТеатрALL халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Сондай-ақ театр репертуарындағы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» спектаклі, режиссері Гүлсина Миргалиева, қазан айында Қарағанды қаласында өтетін Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық фестиваліне шақырту алған.
Қараша айында театрдың 35 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Мерейтой аясында театрдың шығармашылық жолын саралап, өнер ұжымының бүгінгі тынысын танытатын бірқатар іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.