| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда салық органдары азаматтың ресми табысы мен иелігіндегі мүліктің құнын салыстыра алады. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мұндай жағдайда салық қызметі қандай әрекет жасайтынын түсіндірді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда салық органдары азаматтардың ресми табысы мен сатып алған мүлкі арасындағы сәйкестікті талдай алады. Бұл үшін 80-ге жуық дереккөзден ақпарат жинайтын Smart Data Finance жүйесі қолданылады.
Үкіметтегі брифингте журналист айына 300 мың теңге жалақы алатын адамның 100 миллион теңгеге пәтер сатып алуын мысал ретінде келтірді.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мұндай жағдайда азаматтан қомақты қаражаттың қайдан келгенін түсіндіру сұралуы мүмкін екенін айтты.
Жүйе адамның үйі, жері, көлігі және басқа да мүлкі туралы мәліметтерді жинақтайды. Егер ресми табыс пен сатып алынған мүліктің құны арасында елеулі айырмашылық анықталса, оның себебін түсіндіру қажет болуы мүмкін.
Алайда бұл адамның міндетті түрде заң бұзғанын білдірмейді. Вице-министрдің айтуынша, азаматтың жалақыдан бөлек заңды табыс көзі болуы ықтимал. Мысалы, ол мүлкін сатуы, мұра алуы немесе басқа жолмен қаражат табуы мүмкін. Мұндай жағдайда ақшаның шығу тегін растайтын құжаттар ұсынылады.
Егер алынған табысқа салық төлеу қажет болса, азамат тиісті міндеттемесін орындауы керек.
Банк аударымдарының бәрі бақылауда ма?
Әсет Тұрысов Smart Data Finance жүйесі арқылы салық органдары қазақстандықтардың барлық банк операцияларын толық көре алмайтынын атап өтті.
Банк құпиясына қатысты заң талаптары сақталады. Сондықтан ақша аударымдары туралы ақпарат тек заңда қарастырылған жағдайларда ғана алынуы мүмкін.
Сонымен қатар вице-министр салық органдары тексеруді бастайтын нақты табыс немесе мүлік сомасы белгіленбегенін айтты.