| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ресейдің Иркутск облысында обаға күдік тудырған жағдайдан кейін 197 адам медициналық бақылауға алынған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елге инфекцияның келу қаупін төмен деп бағалап, шекарадағы санитарлық бақылау күшейтілгенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ресейдің Иркутск облысында ерекше қауіпті инфекцияға күдік туғызған жағдай тіркелгеннен кейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылауға алды.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанға оба инфекциясының келу қаупі төмен деңгейде бағаланып отыр. Ел аумағында алдын алу шаралары қолға алынған.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде. Министрлік көліктің барлық түрінен дене қызуы жоғары немесе жұқпалы ауру белгілері бар, сондай-ақ аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталмағанын хабарлады.
- Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға келу қаупі төмен болып қала береді. Жағдайды бағалау және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство азаматтарға сапардан кейін денсаулық жағдайы нашарлап, ауру белгілері байқалса, бірден медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді. Дәрігерге барған кезде адамның қай елді мекенде болғанын және сапар мерзімін айту маңызды.
Ал Ресейдегі жағдайға қатысты нақты диагноз әзірге расталған жоқ. Қазіргі уақытта мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, инфекцияның ықтимал көзі мен жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін Иркутск облысында 28 жастағы әйел қайтыс болған. Алдын ала ақпарат бойынша, оның өліміне шығу тегі белгісіз пневмония себеп болуы мүмкін.
Оқиғаға байланысты 197 адам медициналық бақылауға алынған. Ресми мәлімет бойынша, олардың ешқайсысында ауру белгілері байқалмаған, жүргізілген зертханалық талдаулардың нәтижелері теріс.
Шелехов аудандық ауруханасында қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар 4 қазанда Ресейдің Роспотребнадзор қызметі Иркутск облысында, оның ішінде Иркутск пен Шелехов қалаларында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Ведомство оба ауруының тіркелмегенін атап өтті.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі расталмаған хабарламаларға сенбей, жағдай туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.