| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Жетісу облысында әйелдер мен қыздардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ақпараттық-ағартушылық дәрістер жалғасуда. «Әйелдер даму алаңы» көшбасшылық және құқықтық білім беру жобасы аясында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласында барлығы 50 дәріс өткізу жоспарланған. Жоба шеңберінде 500 әйел мен қызды қамту көзделген. Қазір дәрістер өңірлерде кезең-кезеңімен ұйымдастырылып жатыр, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Оқу бағдарламасы қатысушылар күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық мәселелерге негізделген. Жеке қаржыны басқару, отбасылық бюджет жүргізу, кіріс пен шығысты жоспарлау, жинақ қалыптастыру және қаржылық мақсат қою бойынша нақты тәсілдер түсіндіріледі. Мәселен, бағдарламалар қатарында «Жеке қаржыны басқару», «Отбасылық және жеке бюджет», «Жинақ мәдениетін қалыптастыру», «Қаржылық мақсаттарды дұрыс жоспарлау» секілді тақырыптар бар.
Дәрістерде бүгінгі күні ерекше маңызға ие қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылуда. Қатысушылар онлайн алаяқтықтың белгілерін ажырату, қаржы пирамидаларын тану, банктік карта мен аккаунтты қорғау, интернетте жеке деректерді қауіпсіз пайдалану жолдарын талқылайды. Бағдарламада «Қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары», «Онлайн алаяқтықтың алдын алу», «Қаржы пирамидаларын анықтау белгілері», «Банктік карта қауіпсіздігі» бағыттары жеке қамтылған.
Сабақтардың тағы бір маңызды ерекшелігі – теориялық ақпараттың практикалық жұмыспен ұштасуы. Қатысушылар жеке қаржылық мақсат пен әрекет жоспарын әзірлейді, айлық бюджет үлгісін құрады, несие шарттарының негізгі талаптарын талдайды және күдікті жағдайларда қауіпсіз әрекет ету алгоритмін қарастырады. Әр дәрістің соңында сұрақ-жауап пен кері байланысқа уақыт бөлінеді.
Жобаны Жетісу облысы ішкі саясаты басқармасының қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық жобасы аясында «Жоғары жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.
50 дәріс, 10 аумақ және 500 қатысушыны қамтитын ақпараттық-ағартушылық жұмыс әйелдер мен қыздарға қаржылық шешімдерді сауатты қабылдап, цифрлық тәуекелдерден сақтанып, өз құқықтарын күнделікті өмірде дұрыс қолдануға қажетті білім беруге бағытталған.