| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақмола облысында су тасқынының алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет резервінен 5,5 млрд теңге бөлінді. Қаражат өңірдегі үш маңызды жобаны жүзеге асыруға бағытталады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Жобалар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған “Халықтық құрылыс” бағдарламасы аясында іске асырылады. Барлық жұмысты 2027 жылғы су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Бөлінген қаражат қайда жұмсалады?
Қаржы Ақмола облысының үш ауданындағы өзен арналарын тазарту, бөгеттерді жөндеу және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жұмыстарына бағытталады.
Астрахан ауданына – 4,4 млрд теңге. Бұл қаражатқа Қалқұтан өзенінің жалпы ұзындығы 20,8 шақырым болатын үш учаскесі тазартылып, тереңдетіледі және өзен түбі нығайтылады. Сонымен қатар Ескі Қалқұтан және Қалқұтан ауылдарында екі топырақ бөгеті салынады.
Шортанды ауданына – 793,7 млн теңге. Қаражат Основное бөгенінің шлюз-қақпаларын жөндеуге жұмсалады. Жоба аясында тасқын суды өткізуге арналған арнайы арна салынып, Жолболды өзені бойындағы топырақ бөгеті таспен нығайтылады.
Бұланды ауданына – 314,1 млн теңге. Бұл қаржы Иванковская бөгенін реконструкциялауға бөлінді. Ұзындығы 49 метр болатын су ағызу құрылысы мен алты су қабылдау камерасы толық қалпына келтіріледі. Нәтижесінде қарғын су ағынын бақылау мүмкіндігі жақсарады.
9 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі
Жоспарланған жұмыстар су тасқыны қаупін азайтып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын су басудан қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 9 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік қатынасын сақтауға және өңірдегі су жүйесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Ақмола облысында су тасқынына қарсы шаралар бұған дейін де жүргізілген.
Мәселен, 2025 жылы Аршалы ауданында қорғаныс бөгеті салынып, 15 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұланды ауданының Макинск қаласында шлюздері бар бөгет пен бетон науалар салынып, қарғын суды қауіпсіз өткізуге жағдай жасалды.
Сондай-ақ Астрахан ауданында Қалқұтан өзенінің 4,7 шақырымдық арнасы тазартылып, тереңдетілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылды.