| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда жергілікті өкілді органдардағы депутаттық орындарды белгілеудің жаңа тәртібі күшіне енді. Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған арнайы қаулыға сәйкес, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы мандаттар саны енді өңірдегі тұрғындардың ресми көрсеткішіне қарай реттеледі, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Елімізде мәслихат депутаттарының санын анықтау жүйесі қайта қаралды. ОСК бекіткен жаңа ереже бойынша, аймақтардағы депутаттық орындар сайлау тағайындалған сәттегі Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне негізделіп бөлінеді. Тұрғындар саны көбейген сайын мәслихаттардағы мандат көлемі де пропорциялы түрде өсіп отырады.
Жаңа бекітілген шекті нормалар мынадай:
Облыстық мәслихаттар: 300 мыңға дейінгі тұрғыны бар өңірлерде кемінде 26 депутаттық орын қарастырылады. Одан кейін халық саны әрбір 200 мың адамға өскен сайын қосымша 2 мандат беріледі.
Астана және республикалық маңызы бар қалалар: Тұрғындар саны 1,1 миллионға дейінгі деңгейде болса, мәслихатта 30 депутат болады. Егер бұл межеден асатын болса, әрбір 200 мың тұрғынға тағы 2 орыннан қосылады.
Қалалық мәслихаттар: 50 мыңға дейін халқы бар шаһарлар үшін ең төменгі шек – 11 депутат. Тұрғындар саны әрбір 25 мың адамға көбейген сайын тағы 1 мандат үстеледі.
Аудандық мәслихаттар: 15 мыңға дейін тұрғыны бар аудандарда кемінде 10 депутат болуы тиіс. Кейінгі әрбір 15 мың адам сайын 1 депутаттық орын қосылып отырады.
Орталық сайлау комиссиясы қаулыда бірқатар елді мекендер бойынша нақты көрсеткіштерді де бекітті. Мәселен, Ақтөбе қалалық мәслихатында – 30, Таразда – 28, Семейде – 22, ал жаңадан құрылған Алатау қаласында 11 депутаттық орын болады.
Аудандық деңгейде халық санының көптігіне байланысты Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандары көш бастап тұр – бұл өңірлердің әрқайсысында 25 депутаттан сайланады. Жамбыл ауданында (Жамбыл облысы) – 13, Үржарда (Абай облысы) – 11 мандат қарастырылған. Ал Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Мақаншы және Жаңасемей сияқты шекаралық әрі жаңа аудандарда депутаттар саны ең төменгі меже – 10 адам болып белгіленді.
Аталған нормативтік құжат алғашқы ресми жарияланған сәтінен бастап заңды күшіне енгізілді.