| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы күні аталып өтіп жатыр. Ұлттық мұра саналатын тазы тұқымын сақтау мен халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары күшейген, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда 3 қыркүйек алғаш рет Қазақ тазысы күні ретінде аталып өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тұрмысымен тығыз байланысты ерекше мұра. Құмай тазы жеті қазынаның бірі ретінде адалдық, ептілік және тектілік қасиеттерімен бағаланған.
- Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады, – деп жазды Айбек Смадияров.
Бүгінде қазақ тазысының тағдыры тек ұлттық деңгейде емес, халықаралық аренада да назарға алынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтау, көбейту және оны әлемге таныту мәселесіне ерекше мән беріп келеді.
Президенттің тапсырмасымен қазақы ит тұқымдарын сақтау және олардың санын арттыруға бағытталған заң қабылданды. Осыдан кейін тазы мен төбетті жүйелі түрде сақтау және өсіру жұмыстары қолға алынған.
Маңызды кезеңдердің бірі — 2024 жылы қазақ тазысының халықаралық деңгейде алдын ала мойындалуы. Сонымен қатар Қазақстан оның шыққан елі ретінде ресми түрде бекітілді.
Қазір қазақ тазылары халықаралық көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді өсіру ісі де біртіндеп дамып келеді. Бұған қоса Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
Айбек Смадияровтың сөзінше, Қазақ тазысы мен төбеті күнінің енгізілуі ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп қана қоймай, қазақтың бірегей мұрасын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
Яғни бүгінгі күн — жай ғана ит тұқымына арналған мереке емес, ғасырлар бойы сақталған ұлттық мұраның қазіргі заманда қайта жаңғыруына берілген назардың белгісі.