488.59
564.37
6.79
Brent
WTI
kz
kz ru
Астана
Астана
Алматы
Ақтау
Ақтөбе
Атырау
Қарағанды
Көкшетау
Қостанай
Қызылорда
Павлодар
Семей
Петропавл
Талдықорған
Тараз
Шымкент
Орал
Өскемен
CNY
MNT
KGS
UZS
TRY
Сіздің өтінішіңіз сәтті жіберілді, Рақмет!
Жаңалықтар
Астанаға құйылған триллиондар: елорда экономикасы қалай өзгеріп жатыр?
Жаңалықтар

Астанаға құйылған триллиондар: елорда экономикасы қалай өзгеріп жатыр?

10.06.2026
мин
0
153
Сурет: ЖИ

2020 жылы Астана экономикасына 1,02 трлн теңге инвестиция тартылды. Бірнеше жыл ішінде бұл көрсеткіш екі есе өсіп, 2025 жылы 2,50 трлн теңгеге дейін жетті. Ал осы жылы 2,90 трлн теңгеге жетеді деген сенім бар. Алдағы жылдарға жасалған болжам инвестициялық белсенділіктің бәсеңдемейтінін көрсетеді. Бұл нәтиже көңіл көншітеді. Десе де, көкейде бір сұрақ бар. Елордаға ағылған қаржы әлеуметтік экономиканың сапасын қаншалықты өзгертті? Dauletten.kz сайтының тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрмек.

Инвестиция көлемінің артуы кез келген қала үшін оң көрсеткіш саналады. Алайда экономиканың нақты күші тартылған қаржы көлемімен емес, сол қаржының қандай нәтижеге айналғанымен өлшенеді. Жаңа өндірістер ашылды ма? Тұрақты жұмыс орындары бар ма? Технологиялық сектор күшейді ме? Әлде инвестицияның басым бөлігі бұрынғыдай инфрақұрылым мен құрылысқа жұмсалып жатыр ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Астанадағы инвестицияны тек көлем тұрғысынан емес, оның құрылымы мен экономикалық әсері арқылы бағалау маңызды.

Инфографика: ЖИ/Dauletten.kz

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, соңғы жылдары миллиондаған тұрғыны бар Астана инвестиция тарту көлемі бойынша елдегі жетекші қалалардың бірі болып қалып отыр. Алматы (2025 жылы 476,9 млрд теңгеге 28 инвестициялық жоба жүзеге асырылған) мен Шымкентте де (өңірлік экономиканың 11 пайыздық өсіміне ықпал еткен) инвестициялық белсенділік байқалғанымен, негізгі капиталға салынған қаржы көлемі бойынша елорда айқын алда келеді. Алайда инвестицияның тиімділігі оның көлемімен емес, бағытталу құрылымымен анықталады. Өйткені капиталдың қай секторға шоғырлануы қаланың болашақ экономикалық моделін қалыптастырады.

Инфографика: Шымкент қаласы әкімдігі

Елордада 2020-2025 жылдар аралығында инвестициялардың едәуір бөлігі өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттарға салынған. Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялар 0,70 трлн теңгеге жетіп, шамамен 4200 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берген. Логистика және көлік саласына 0,55 трлн теңге инвестиция тартылып, 3800 жұмыс орны пайда болған.

Үкіметтің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары елордада қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар жоба іске асырылып келеді. Атап айтқанда, индустриялық аймақта жылыеа 18 мың тонна өнім өндіретін ет өңдеу комбинаты мен тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдейтін жаңа зауыттың іске қосылуы жоспарланған. Сүт өңдейтін зауыт алғашқы өнімді тамыз айында шығарады. Кәсіпорында өндірілетін өнім Астана қаласы мен оған жақын өңірлерге жеткізіледі. Бұл жергілікті нарықтағы сұраныстың жоғары екенін және ішкі өндірісті күшейтуге мүмкіндік барын аңғартады.

Инфографика: Үкіметтің баспасөз қызметі

Логистика саласы да инвестициялық саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналған. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бастығы Халел Әкімжановтың мәліметінше, биыл тартылған инвестициялардың ең үлкен үлесі – 38,8 пайызы логистика және қойма инфрақұрылымына тиесілі. Бұл көрсеткіш елорданың әкімшілік орталық қана емес, өңіраралық сауда мен тауар айналымының маңызды торабына айналып келе жатқанын аңғартады. Бұл бағыттағы нақты жобалар жеке бизнес деңгейінде де байқалады. «Көтерме-бөлшек сауда кәсіпорны» АҚ президенті Константин Лидің айтуынша, Астанадағы логистикалық орталықтың жалпы аумағы 5 гектарды құрайды, онда 200-ден астам тұрақты жұмыс орны бар.

–  Біз бұдан бөлек Ақтөбе, Алматы және Шымкентте де логистикалық орталықтар салдық. Яғни, еліміз бойынша логистикалық инфрақұрылым біртіндеп кеңейіп келеді, – деді Константин Ли.

Бұл бағыттағы жобалар елорданың өнеркәсіптік базасының кеңеюіне де ықпал етіп отыр. Соңғы деректер елорданың өнеркәсіптік әлеуеті біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Ресми мәліметке сәйкес, Астанада 2026 жылдың алғашқы айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, оның басым бөлігі өңдеу секторына тиесілі болған. Өсім жаңа өндірістік жобалардың іске қосылуымен және индустриялық аймақтардың кеңеюімен байланысты. Бұл көрсеткіш инвестицияның тек құрылыс пен инфрақұрылымда емес, нақты өндірістік нәтижеге де айнала бастағанын аңғартады.

Сонымен бірге IT, финтех, медицина және әлеуметтік инфрақұрылым салаларына да қаржы салынып жатыр. Соның ішінде кардиохирургия мен трансплантологияға арналған медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың іске қосылуы жоғары технологиялы өнім өндіруге жасалған нақты қадам. Бұл ішкі сұранысты жергілікті өндіріс есебінен өтеуге жол ашады. Дегенмен инвестициялық құрылымда жаңа секторлардың үлесі біртіндеп өсіп келе жатқанымен, жоғары технологиялы өндірістердің экономикадағы үлесі айтарлықтай жоғары емес. Осы тұста экономист Расул Рысмамбетов инвестиция көлемінің артуы өздігінен экономиканың сапалық өзгергенін білдірмейтінін айтады.

– Инвестициялардың қомақты көлемі әрдайым еңбек өнімділігінің өсуіне алып келе бермейді. Нәтиже, ең алдымен, қаражаттың қай салаларға бағытталғанына және оның қаншалықты тиімді пайдаланылғанына байланысты. Сондықтан инвестициялардың көлемін ғана емес, олардың нақты экономикалық қайтарымын да бағалау маңызды, – деді Р. Рысмамбетов.

Инвестицияның нақты әсері: экономикадағы нәтиже

Сарапшылардың сөзінше, инвестицияның әсері әдетте оның экономикаға қаншалықты нақты нәтиже бергенімен бағаланады. Бұл тұрғыдан алғанда Астанада ілгерілеу бар: қалада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда шамамен 558 мың адам еңбек етеді. Алдағы жылдары жаңа жұмыс орындарының саны 12 мыңнан асады деген болжам бар.

Осы көрсеткіштердің өзі елордада инвестиция тек қаржы ағыны ретінде қалып қоймай, нақты экономикалық белсенділікке ықпал етіп отырғанын аңғартады. Президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Астана әкімдігі жүргізіп отырған инвестициялық саясаттың басты ерекшелігі – капитал тартумен қатар оны өндіріс, логистика, медицина және басқа да нақты секторларға бағыттауға ұмтылуы. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар, логистикалық инфрақұрылымның кеңеюі және экономиканы әртараптандыруға бағытталған бастамалар елордада инвестицияның біртіндеп сапалық мазмұн ала бастағанын көрсетеді.

Сонымен, мақаланың басында қойылған сұраққа бүгінгі деректер біржақты болмаса да нақты жауап береді: Астанаға құйылған қаржы экономиканы оң бағытқа өзгертті. Бұл ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, шағын және орта бизнестің кеңеюімен және өндірістік сектордағы жобалардың іске қосылғанынан айқын байқалады.

Бірақ бұл өзгеріс әзірге аяқталған нәтиже емес, қалыптасып жатқан үдеріс. Елорда бүгінде инвестиция көлемін арттыру кезеңінен оның нақты экономикалық тиімділігін бағалау кезеңіне қадам басты. Ал бұл үдерістің түпкі нәтижесі тартылған триллиондардың көлемімен емес, сол қаржының жаңа өндірістерге, жоғары өнімді жұмыс орындарына және ұзақмерзімді бәсекеге қабілетті экономикаға қаншалықты айнала алатынымен өлшенеді.

Біздің телеграмға қош келдіңіз!
308
0 Пікір
                                                                    
Қазір желіде отырғандар
Человек
Көп оқылған мақалалар
  • тәулік
  • апта
  • ай
  • жыл