| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Дәрілік препараттардың сапасына немесе оларды қабылдағаннан кейінгі кері әсеріне шағымданған азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмауы керек. Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне осы бағыттағы бақылауды күшейтуді тапсырды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Үкімет отырысында отандық фармацевтика өндірісін дамыту, тегін дәрі беру тәртібін жетілдіру және жаңа препараттарды тіркеу мәселелері де қаралды.
Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру және отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша бірқатар міндет белгіленді. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов дәрілік қауіпсіздік мәселесі тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмеуі керектігін айтты. Оның сөзінше, препараттардың сапасы, бағасы және халыққа қолжетімді болуы қатар ескерілуі тиіс.
Үкімет басшысы дәрілік заттардың жеткілікті болуы азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан елімізде дәрі өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, сырттан жеткізілетін өнімдерге тәуелділікті азайту маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда фармацевтика саласын дамытуға, өндіріс қуатын арттыруға және отандық препараттардың түрін көбейтуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмек түрлерінің ауқымын кеңейту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр өндіріс саласында толық циклді қалыптастыру қажеттігін де көтерді. Яғни, дайын дәріні шетелден әкеліп, тек қаптамасын Қазақстанда жасау жеткіліксіз. Шикізатты өңдеуден бастап, дайын препарат шығаруға дейінгі кезеңдер ел ішінде жүзеге асуы керек.
- Президентіміз Жолдауда өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға басымдық беру керектігін атап өтті. Сондықтан жай ғана қаптаудан бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Қазір фармацевтикалық бағыттағы бірқатар жоба бойынша инвестициялық келісімдер жасалып, өндіріс ашуға қажетті жер телімдері бөлінген. Алайда Премьер-министр бұл жұмыстарды құжат жүзінде қалдырмай, нақты нәтижеге жеткізу керектігін ескертті. Ол жаңа кәсіпорындарды іске қосып, жұмыс істеп тұрған зауыттардың өндірістік мүмкіндігін ұлғайтуды тапсырды.
Жоспар бойынша Қазақстанда дәрілік препараттардың тағы 500-ге жуық түрі өндіріледі. Жобалар аясында 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Сонымен қатар отандық өнім көлемін көбейту кезінде дәрі бағасының халыққа қолжетімді болуына назар аудару қажет. Препараттардың сапасы мен қауіпсіздігі де қатаң бақылауда болуы тиіс. Үкімет басшысы емделушілер өздері пайдаланатын дәрілерге сенімді болуы керектігін айтты.
Дәрінің кері әсеріне қатысты өтініштер назардан тыс қалмайды
Үкімет отырысында дәрілік препараттардың қауіпсіздігіне бақылау жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі қабылдағаннан кейін денсаулығына кері әсері байқалған азаматтардың шағымдарын тұрақты бақылауды тапсырды.
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қадағалау жөніндегі өкілеттіктер кеңейтілмек. Осыған орай министрлік жаңа міндеттерді орындауға дайын болуы қажет.
Сондай-ақ заң талаптарының сақталуын тексеру кезінде өнімді таңбалау жүйесін тиімді қолдану тапсырылды. Бұл тетік ықтимал заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға көмектесуі тиіс.
Премьер-министр тегін дәрі-дәрмек беру мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, созылмалы ауруға байланысты ұзақ уақыт ем қабылдайтын азаматтар қажетті препараттарын уақытылы алуы керек.
Науқастар тегін берілетін дәрілердің тізімін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын білуге тиіс. Ал дәрі алуда мәселе туындаса, кімге хабарласу керектігі нақты көрсетілуі қажет.
Бұған қоса, емделуші бұрын қабылдап жүрген дәрінің орнына басқа өндірушінің препаратын алатын болса, ауыстыру себебі мен жаңа дәріні қолдану тәртібі түсінікті тілде жеткізілуі керек. Бұл, әсіресе, ұзақ уақыт емделетін балалардың ата-аналары үшін маңызды.
- Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Тегін дәрі берудің цифрлық жүйесі кеңейіп келеді
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде цифрлық технологияларды пайдалану да жолға қойылып жатыр. Электрондық рецепт рәсімдеу және дәрінің науқасқа берілгенін электронды түрде растау тетіктері дамуда.
Премьер-министрдің мәліметінше, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмек беру көрсеткіші 80 пайыздан асқан. Үкімет басшысы бұл жүйенің мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты.
Аталған платформа препараттардың есебін жүргізуге және олардың нақты кімге берілгенін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрі қорының азаюын алдын ала анықтап, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдар арасында препараттарды қайта бөлуге жағдай жасайды.
Олжас Бектенов медициналық мекемеде қажетті дәрі бола тұра, науқастың оны уақытында ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болуы дұрыс емес екенін атап өтті.
Таңбалау жүйесі де дәрілік заттардың жеткізілуі мен қозғалысын бақылауға, қоймалардағы қалдықтарды анықтауға және препарат тапшылығының алдын алуға көмектеседі.
Үкімет басшысы медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жеткілікті болуын, ал бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазақстанда 112 жаңа препаратты тіркеу көзделген
Жиында шетелде өндірілетін жаңа дәрілерді Қазақстанда тіркеу мәселесі де қозғалды. Премьер-министр заңнамада дамыған елдерде сертификатталған препараттарды жедел тіркеуге мүмкіндік беретін тәртіп бар екенін еске салды.
Қазіргі уақытта осы тетік арқылы 112 жаңа дәрілік затты тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясына науқастардың қажеттілігін ескеріп, тіркеуге басымдық берілетін препараттарды анықтауды тапсырды. Сонымен бірге рәсімдерді созбай, жұмысты жеделдету қажеттігін айтты.
Алайда жаңа дәрілерді нарыққа шығару барысында олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар толық сақталуы керек.