Товарные рынки | ||
BID | ASK | |
Brent | 0.00 | 0.00 |
Лайт | 0.00 | 0.00 |
Kaspi.kz ІІМ және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты. Енді Kaspi.kz қосымшасы арқылы полицияға өтініш беріп, жол-көлік оқиғасы, жол ережелерінің бұзылуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және өзге де құқық бұзушылықтар жайлы хабарлауға болады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе:
- Бүгінде 15 миллионнан астам қазақстандық Kaspi.kz суперқосымшасын пайдаланады. “Мемлекеттік қызметтер” бөлімі арқылы клиенттеріміз жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлік рәсімдеу, цифрлық құжаттар қолдану, мекенжай бойынша тіркелу, бала туу туралы куәлік алу сияқты күнделікті мәселелерін шеше алады. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында біз ІІМ және ЦДИАӨМ-мен бірге қосымша арқылы полицияға жедел өтініш беру қызметін іске қостық. Бұл — Kaspi.kz, ІІМ және ЦДИАӨМ мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз әрі коммерциялық мақсаттан тыс бастамамыз. Біз көптеген елдерде баламасы жоқ ыңғайлы онлайн сервистерді жасап, қазақстандықтар үшін мақтаныш сезімін тудырып отырмыз. Бізге сенім артқаны үшін және осындай бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген мемлекеттік органдарға алғыс білдіреміз.
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов:
- “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру аясында біз Egov Mobile арқылы полицияға тікелей жүгіну мүмкіндігін іске асырдық. Сондай-ақ бұл сервисті екінші деңгейлі банктердің қосымшаларымен біріктіру бағытында жұмыс жүргізілді. Бұл халыққа полиция бөлімшесіне бармай-ақ, өзіне үйреншікті әрі ыңғайлы цифрлық платформалар арқылы жүгінуге жол ашады. Kaspi.kz-пен бұл алғашқы жоба емес — біз халық үшін қауіпсіз және қолжетімді полиция қызметтерін дамыту жолында бірлескен жұмысымызды жалғастырып келеміз.
ЦДИАӨМ вице-министрі Ростислав Коняшкин:
- Мұндай сервисті Kaspi.kz сияқты кең қолданылатын банк қосымшасына қосу — қызметті кеңейтудің қисынды әрі маңызды кезеңі. Бұған дейін біз ІІМ әріптестерімен бірге Egov Mobile-да осы қызметті енгіздік, ол 11 миллион пайдаланушыны қамтиды. Іске қосылған уақыттан бері 100 мыңнан астам азамат бұл сервисті қолданды. Қауіпсіздік — адамның басты қажеттілігі. Біз осы бағытта әлеуметтік маңызы бар сервистерді дамытуда оң өзгерістерді байқаудамыз. Цифрлық шешімдер халыққа қызмет етіп, олардың өмір сапасын арттыруы тиіс. Бұл — біздің негізгі мақсатымыз және жобаларымыздың басым бөлігі осыған бағытталған.
Полицияға Kaspi.kz қосымшасы арқылы қалай өтініш беруге болатыны туралы толық ақпаратты Гид бөлімінен табуға болады.