| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда зейнетақы активтерін басқаратын жеке компаниялардың табыстылығы әртүрлі. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша, «Сентрас Секьюритиз» жыл басынан бері 12,18% кірістілік көрсеткен. Ал зейнетақы активтерінің басым бөлігін басқаратын Ұлттық банктің көрсеткіші 4,2% болған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағын басқаруға жеке инвестициялық компаниялар да қатысады. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, олардың арасында жыл басынан бергі табыстылық деңгейі бойынша «Сентрас Секьюритиз» алдыңғы орынға шыққан. Компанияның кірістілігі 12,18%-ды құрады.
Одан кейінгі орындарда Halyk Finance пен Alatau City Invest тұр. Олардың көрсеткіштері тиісінше 9,06% және 8,25% болған. BCC Invest жыл басынан бері 8,09% табыс әкелсе, Halyk Global Markets-тің кірістілігі 7,55%-ды құрады.
Ал зейнетақы активтерінің негізгі бөлігін басқаратын Ұлттық банктің жыл басынан бергі көрсеткіші 4,2% болды. Осылайша, аталған кезеңде ең жоғары нәтижеге қол жеткізген жеке компанияның кірістілігі Ұлттық банктің көрсеткішінен шамамен үш есе жоғары.
Дегенмен барлық басқарушының нәтижесін бірдей кезең бойынша салыстыруға болмайды. Мәселен, Tansar Capital зейнетақы активтерін басқаруды тек 2026 жылғы 8 сәуірде бастаған. Компанияның осы күннен бергі кірістілігі 2,43%-ды құрады.
Зейнетақы жинағын басқарушыны таңдағанда комиссия мөлшерін де ескерген жөн. Компаниялар инвестициялық табыстың белгілі бір бөлігін комиссия ретінде алады. Бұл мөлшер басқарушыға қарай өзгереді.
Мысалы, «Сентрас Секьюритиз» инвестициялық табыстан 1% комиссия алады. Halyk Finance пен Alatau City Invest комиссиясы 5% болса, BCC Invest пен Tansar Capital-да бұл көрсеткіш 6%-ды құрайды.
Комиссия инвестициялық табыстан есептеледі, зейнетақы жинағының толық сомасынан ұсталмайды. Сондықтан басқарушы компанияны таңдағанда тек кірістілікті емес, комиссияны және инвестициялық нәтижелердің уақыт өте қалай өзгеретінін де салыстырған дұрыс.
Айта кетейік, өткен кезеңдегі жоғары кірістілік болашақта да дәл осындай табыс болады деген кепілдік бермейді.