| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Астана халықаралық қаржы орталығының соты Қазақстанда лицензиясыз жұмыс істеген алты криптоплатформаға цифрлық активтерге қатысты қызмет көрсетуге және оны жарнамалауға тыйым салды, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Сонымен қатар Google Play мен App Store дүкендеріне осы платформалардың қосымшаларын Қазақстан аумағында бұғаттау міндеті жүктелді.
Қазақстанда алты криптоплатформаның қызметіне сот арқылы шектеу қойылды. Тиісті шешім 2026 жылғы 15 қыркүйекте қабылданған. Шектеу BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase және WEEX платформаларына қатысты. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлады.
Сот шешіміне сәйкес, аталған платформаларға цифрлық активтер саласында қызмет көрсетуге, қызмет ұсынуға және жарнамалауға тыйым салынған. Бұған қоса, Google мен Apple компаниялары өздерінің Google Play және App Store қосымша дүкендері арқылы Қазақстан аумағында осы сервистердің қолжетімділігін шектеуі тиіс.
Бастапқыда сотқа қатысты талаптар тізіміне LBank платформасы да енгізілген. Алайда 18 қыркүйекте компания Қазақстандағы қызметін өз еркімен шектеген соң, сот оған қатысты шешімін өзгерткен.
Неліктен криптоплатформаларға тыйым салынды?
Астана халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі органы (AFSA) рұқсатсыз цифрлық активтер қызметін көрсету қаржы нарығын реттеу жүйесіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Реттеушінің түсіндіруінше, лицензиясы бар компаниялар қаржылық қауіпсіздік талаптарын орындауға, ақшаны жылыстатуға қарсы шаралар қабылдауға және клиенттерді тексеруге қаражат жұмсайды. Ал лицензиясыз жұмыс істейтін платформалар мұндай талаптарды орындамау арқылы бәсекеде артықшылыққа ие болуы мүмкін.
AFSA бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, лицензиясыз криптоплатформалармен күрес 2025 жылы басталған. Сол кезде реттеуші АХҚО талаптарын түсіндіру мақсатында 20-дан астам платформаға жазбаша ескерту жіберген.
2026 жылдың басында талаптарды орындамай, лицензиясыз жұмысын жалғастырған платформаларға қатысты сотқа талап арыздар берілген.
Тоғыз платформа қосымшаларын өз еркімен шектеген
Евгения Богданованың мәліметінше, атқарылған жұмыстың нәтижесінде тоғыз криптоплатформа Google Play және Apple App Store арқылы Қазақстандағы қолданушыларының қосымшаларға қолжетімділігін өз еркімен шектеген. Осыған байланысты AFSA олардың үстінен берілген талап арыздарын кері қайтарып алған.
Тағы жеті платформа цифрлық активтер айналымын ұйымдастыруға лицензия алуға ниетті екенін білдірген. Алты платформаға қатысты қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеу шаралары қолданылады.
«Сот қабылдаған шешім ең алдымен қолданушыларды осындай тәуекелдерден қорғауға бағытталған», – делінген AFSA хабарламасында.
Лицензиясыз криптобиржаларды пайдаланудың қаупі қандай?
AFSA азаматтарға лицензиясы жоқ платформаларды пайдаланудың тәуекелдері туралы ескертті. Мұндай сервистер реттеушінің бақылауында болмайды. Сондықтан оларда сақталған пайдаланушылардың цифрлық активтері тиісті деңгейде қорғалмауы мүмкін. Ал дау немесе шағым туындаса, азаматтардың құқықтарын қорғау қиынға соғуы ықтимал.
Осыған байланысты криптовалюта операцияларын жасамас бұрын платформаның лицензиясы бар-жоғын тексерген жөн. Ресми рұқсаты бар компаниялардың тізімі Астана халықаралық қаржы орталығының сайтында жарияланған.