| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін 6,5 мыңға жуық педагог-ассистенттің еңбек жүктемесі мен жалақысын есептеудің бірыңғай жүйесі енгізілуі мүмкін. Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева бұл саладағы заңнамалық олқылықтарды жойып, мамандардың құқығын қорғау бойынша Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ресми сауал жолдады, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше күтім мен білімді қажет ететін 237 мыңға жуық бала тіркелген. Олардың мектеп пен балабақшадағы ортаға бейімделуіне, білім алып, өзіне деген сенімділігін арттыруына педагог-ассистенттер тікелей көмектеседі. Осыған қарамастан, бұл мамандардың жұмыс жүктемесі мен айлығын есептеуде әлі күнге дейін нақты реттелмеген тұстар аз емес.
Депутат Айнагүл Балташеваның айтуынша, заңнамада ассистенттердің біліктілігі мен міндеттеріне қатысты үстемеақылар қаралғанымен, апталық оқу сағаты мен жалпы жұмыс уақытын есептеу өңірлерде әртүрлі жүзеге асырылып жатыр.
- Бұрын педагог-ассистенттерге аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылатын. Бүгінде нормативтік реттеуде нақтылықтың болмауы салдарынан әр өңір жұмыс уақытын өзінше есептейді. Бұл кадрлардың тұрақтамауына және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына кері әсер етеді, – деді депутат.
Осы мәселені жүйелеу үшін халық қалаулысы Оқу-ағарту министрлігіне 3 негізгі ұсыныс білдірді:
1. 16 сағаттық жүктемені бекіту: «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында педагог-ассистенттердің апталық 16 сағаттық оқу жүктемесін заңды түрде шегелеп, оның қаржылық негіздемесін әзірлеу.
2. Жұмыс уақытын саралау: Баламен тікелей жұмыс істейтін уақыт пен сабаққа дайындалу, құжат толтыру, әріптестерімен кеңесу сияқты жанама міндеттерге кететін уақытты анық ажырату.
3. Бірыңғай стандарт енгізу: Бүкіл республика бойынша мамандардың жалақысы мен еңбек жүктемесін есептейтін ортақ ереже қалыптастыру.
Депутаттың пікірінше, ерекше балаларға сапалы білім беру ең алдымен олардың қасында жүрген мамандардың еңбегін әділ бағалаудан басталады. Егер педагог-ассистенттердің еңбек құқығы сенімді қорғалса, бұл ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне сапалы серпін береді.