| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңартуға арналған жаңа емтихан моделі таныстырылды. Ол талапкерлердің тек білімін емес, сыни ойлау қабілетін де бағалауға бағытталған, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Астанада білім беру саласындағы тестілеу және бағалау бойынша халықаралық жетекші ұйым – ETS өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Кездесу барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, халықаралық тәжірибе, жоғары оқу орындарының сұранысы, кадрлық әлеует, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері және болашақ емтиханның негізгі талаптары талқыланды.
Жаңа модель талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, ақпаратты талдау қабілетін, академиялық мәтіндермен жұмыс істеу дағдысын, ойын дәлелді жеткізуін және білімін тәжірибеде қолдана алуын кешенді бағалауды көздейді.
Сонымен қатар тест тапсырмаларының сапасын арттыру, олардың мазмұнын түсінікті ету, бағалау рәсімдерінің әділдігін күшейту, тапсырмалар қорын жетілдіру және тест нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірленген.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгеріс талапкерлерді жаттанды жауапқа емес, логикалық ойлауға және білімді өмірлік жағдайда қолдануға бейімдеуге мүмкіндік береді.
Министрлік жаңа модель әзірге зерттеу және сынақ кезеңінде екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгеріссіз сақталады, ал жаңашылдықтар пилоттық сынақтардың нәтижесіне қарай кезең-кезеңімен енгізілмек.