| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Денсаулық сақтау министрлігі 23 маусым күні қайтыс болған Ербаян Мұхтардың денсаулық жағдайына қатысты мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, 2023 жылы әскери борышын өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатынан кейін Ербаян ұзақ уақыт бойы өте ауыр халде болған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстап, қажетті ем-дом жүргізгенімен, денсаулығының жағдайы күрделі күйінде қалған.
Биылғы маусым айында науқастың жағдайы күрт нашарлап, сепсис пен бірнеше ағзаның қызметінің жеткіліксіздігі секілді ауыр асқынулар пайда болған. Мамандардың барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Министрлік мәліметінше, Ербаян Мұхтардың биологиялық өлімі 2026 жылғы 23 маусым күні сағат 21:40-та тіркелген. Дәрігерлер өлімнің негізгі себебі ретінде ауыр бас жарақатының салдарынан туындаған полиоргандық жеткіліксіздік синдромын атады.
Сондай-ақ Ербаянның Түркияда да ем қабылдағаны белгілі. Ондағы дәрігерлер Қазақстанда қойылған диагнозды растаған. Соңғы күндеріне дейін ол заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада ем алып келген.
Еске салсақ, Ербаян Мұхтардың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Ол 2023 жылдың соңында әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алған. Ресми нұсқада оның құлағаны айтылғанымен, туыстары бұл пікірмен келіспеген. Кейін Ербаян жақындарына өзін соққыға жыққанын ишара арқылы жеткізген болатын.
Осы жағдайдан кейін қазақстандықтар оның емі мен оңалтуына қаржылай көмек көрсетіп, жалпы көлемі 220 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Ал оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары басталған.