| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Ақтауда алимент төлеуден жалтарған азаматтардың қарызын өтеу үшін екі пәтері, жер телімі және үш автокөлігі өндіріп алушыларға берілді. Жыл басынан бері балаларды асырауға арналған 134,8 млн теңге өндірілген, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Маңғыстау облысында алимент бойынша берешекті өндіру бағытында бірқатар шара қолға алынды. Прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге қайтарылған.
Атап айтқанда, бір борышкердің алимент бойынша қарызы 37,8 млн теңгеге жеткен. Тексеру барысында оның меншігінде Toyota Land Cruiser автокөлігі бар екені анықталған. Жеке сот орындаушысы көліктің құнын 25,5 млн теңге деп бағалап, оны берешекті өтеу есебінен өндіріп алушыға берген.
Тағы бір борышкердің пәтердегі үлесі 13,4 млн теңгеге бағаланып, алимент қарызын жабу мақсатында өндіріп алушының меншігіне өткізілген.
Жалпы, берешекті өтеу аясында екі пәтер, бір жер учаскесі және үш автокөлік өндіріп алушыларға берілген.
Бұдан бөлек, табысын жасырып, алимент төлеу міндетінен жалтарған 46 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тағы 11 борышкерге қатысты қылмыстық істер тіркелген.
Облыстық прокуратура алимент төлеу ата-ананың заңмен бекітілген міндеті екенін еске салды. Ведомство өкілдері бұл міндетті орындаудан жалтарған азаматтарға заң аясында жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.