| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда автонесиеге сұраныс айтарлықтай төмендеді. Банктерге түскен өтінімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға азайған. Сарапшылар бұл жағдайды нарықтағы дағдарыс емес, банктердің талаптарының күшеюі, несие құнының қымбаттауы және автокөлік нарығындағы өзгерістермен байланыстырады, —деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда автонесие нарығы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында баяулады. Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, банктерге жолданған өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға қысқарған. Сонымен қатар берілген автонесиелердің көлемі де азайған.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, сұраныстың төмендеуіне ең алдымен банктердің несие алушыларға қоятын талаптарының күшеюі әсер еткен.
- Көптеген азамат несие талаптарына сай келмейтінін түсініп, өтінім беруден бас тартады. Сондықтан автонесиеге деген сұраныстың төмендеуіне банктердің талапты күшейткені негізгі себептердің бірі болды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, трейд-ин бағдарламалары мен автодилерлер ұсынатын бөліп төлеу мүмкіндіктерінің көбеюі де дәстүрлі автонесиеге деген қажеттілікті азайтқан.
Экономист Бауыржан Ысқақ бұл үрдісті макроэкономикалық жағдаймен байланыстырады.
- Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы банктердің несие пайызын өсірді. Соның салдарынан ай сайынғы төлем көлемі ұлғайып, көптеген азамат көлік сатып алуды кейінге қалдыруды жөн көріп отыр, – дейді экономист.
Сарапшылардың пікірінше, қайталама нарықтағы баға саясаты да сатып алушылардың таңдауына әсер етіп жатыр. Жаңа көліктердің бірқатар модельдері арзандағанымен, қолданыстағы көліктердің бағасы айтарлықтай өзгермеген. Соның нәтижесінде тұтынушылар дилерлік орталықтардағы жаңа автомобильдерге көбірек қызығушылық таныта бастаған.
Мамандар қазіргі жағдайды автонарықтағы дағдарыс деп бағаламайды.
- Бұл – нарықтың қалыпты түзетілу кезеңі. Экономикалық тұрақтылық сақталса, жылдың екінші жартысында автонесиеге деген сұраныс қайта артуы ықтимал, – дейді сарапшылар.