| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстандағы депозит нарығында өзгеріс басталды. Маусым айында 10 екінші деңгейлі банк депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетті. Бұл өзгеріс базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін орын алып, алдағы айларда да жалғасуы мүмкін, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, маусым айында бірқатар банк депозиттік өнімдерінің шарттарын қайта қарап, сыйақы мөлшерлемелерін төмендеткен. Ең көп өзгеріс жинақ депозиттері сегментінде байқалды. Әсіресе толықтыру мүмкіндігі жоқ салымдардың табыстылығы айтарлықтай қысқарған.
Қордың мәліметінше, кейбір банктер қысқа және орта мерзімді депозиттердің пайызын бірнеше пайыздық тармаққа төмендеткен. Мұндай шешім қаржы ұйымдарының базалық мөлшерлеменің өзгеруіне бейімделуімен және ұзақ мерзімді қаржыландыру құнының арзандайтынына қатысты болжамымен байланысты.
Соған қарамастан, нарықтағы ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері әзірге сақталып отыр. Жинақ депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме – 20,5%, ал мерзімсіз депозиттер бойынша ең жоғары көрсеткіш – 16,9%.
Мамандардың айтуынша, жоғары табыс ұсынатын жинақ депозиттерінің өзіндік талаптары бар. Мұндай салымдардан қаражатты мерзімінен бұрын алу кезінде сыйақыдан айырылу қаупі жоғары, ал кей жағдайда ақшаны алу үшін алдын ала өтініш беріп, 30 күнге дейін күту қажет.
Сарапшылар депозит таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге ғана емес, банктің сенімділігіне де назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ салымдардың мемлекет кепілдік беретін шекті сомасын ескерудің маңызы зор. Қазіргі тәртіп бойынша теңгедегі жинақ депозиттеріне – 20 миллион теңгеге дейін, басқа теңгелік депозиттерге – 10 миллион теңгеге дейін, ал шетел валютасындағы салымдарға 5 миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі.