| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз жеткізу және сату арналары анықталды. Қазан айында жүргізілген арнайы операциялар барысында Ақмола және Қарағанды облыстарында жалпы саны 21 адам ұсталды, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Көкшетау, Щучинск қалалары мен “Бурабай” курорттық аймағында психотроптық препараттарды жеткізу және таратумен айналысқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Бір мезгілде жүргізілген арнайы операция нәтижесінде 11 адам ұсталды. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және басқа да тұлғалар бар.
Тінту барысында “Тропикамед” препаратының 50 мыңнан астам құтысы және осыған ұқсас өзге препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Сондай-ақ атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік пен ірі көлемдегі ақша, оның ішінде шетел валютасы табылды.
Осындай операциялар Қарағанды мен Теміртау қалаларында да жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері бар 10 адамнан тұратын топ ұсталды.
Тергеу барысында олардың Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз сатуға қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды. Тінту кезінде психоактивті заттар, травматикалық және суық қарулар тәркіленді.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мұндай қылмыстардың қоғамға төндіретін қаупі жоғары екенін атап өтті.
– Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді, – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, психотроптық препараттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасады. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды ұйымдастырушыларды анықтап, заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмысты күшейтеді.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.