| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдар арасында негізсіз қайта жолдау тәжірибесін тоқтату шаралары күшейтілді. Енді бір өтініш үш реттен артық басқа ведомствоға жолданса, мемлекеттік орган оның себебін жазбаша негіздеуге міндетті, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Бұл мәселе Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшылығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Талдау нәтижесінде соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және өтініштердің бір ведомстводан екіншісіне қайта-қайта жолдануына қатысты шағымдар көбейгені анықталды.
2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа талап күшіне енді. Оған сәйкес, өтініш үш реттен артық қайта жолданған жағдайда мемлекеттік орган мәселені неге өз құзыреті шегінде шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай заңды негізде жолдайтынын жазбаша түсіндіруге тиіс.
Кеңесте азаматтардың қайталанатын сұраныстарына жылдар бойы үлгілік жауап берудің орнына, тиісті мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселесі де көтерілді.
Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтар өтініштерінің көбею себептерін жан-жақты талдау, мәселелерді жүйелі түрде шешу және негізсіз қайта жолдауға жол бермеу тапсырылды.