| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
15 қазаннан бастап Отбасы банктен аралық заем алудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алатын азаматтар депозиттегі ақшаны алты ай бойы сақтамай-ақ заем рәсімдей алады. Алайда шотта заем сомасының 50%-ы болуы керек, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Қазақстанда Отбасы банк арқылы баспана алуды жоспарлаған азаматтарға жаңа мүмкіндік берілді. 15 қазаннан бастап аралық заем рәсімдеу кезінде депозиттегі ақшаны кемінде алты ай сақтау талабы жаңа тетікке қатысатын құрылыс компанияларының пәтерлерін сатып алушылар үшін қолданылмайды.
Бұған дейін аралық заем алу үшін депозиттің бағалау көрсеткіші кемінде 5 болуы қажет еді. Бұл көрсеткішке жету үшін қаражатты депозитте кемінде алты ай сақтау талап етілетін.
Енді жаңа тәртіп бойынша клиент депозитіне заем сомасының 50%-ын салуы керек. Сонымен қатар құрылыс компаниясынан таңдаған пәтерін брондағанын растайтын құжат алуы қажет.
Мысалы, 30 миллион теңге заем алу үшін депозитте 15 миллион теңге болуы керек. Бұл қаражатты алты ай бойы сақтау міндетті емес.
Аралық заемның бастапқы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8,5%-ды құрайды. Кейін заем шарттарына сәйкес ол 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Жаңа тетікке BI Group, SAT NS және QazaqStroy компаниялары қатысады. Алғашқы кезеңде BI Group Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында 600 пәтер ұсынады. Қалған екі компаниямен келісім жасау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған қоса, «Наурыз» бағдарламасы бойынша заемы мақұлданған азаматтарға баспана таңдап, рәсімдеу үшін берілген мерзім 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.