| Товарные рынки | ||
| BID | ASK | |
| Brent | 0.00 | 0.00 |
| Лайт | 0.00 | 0.00 |
Қазақстанда өз бетінше жұмыс істейтін әйелдер де декретке шыққан кезде әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ол үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, тиісті аударымдарды тұрақты жүргізіп отыру қажет, — деп хабарлайды Dauletten.kz.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің ресми жұмыс берушісі болмаса да, жүктілік пен босануға байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі бар. Алайда төлем алу үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы және әлеуметтік аударымдарының болуы маңызды.
Мұндай азаматтарға табысынан айырылуына байланысты екі төлем қарастырылған. Оның бірі – жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем, екіншісі – сәби 1,5 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне арналған төлем.
Жүктілік пен босануға байланысты төлемді рәсімдеу кезінде өтініш пен еңбекке жарамсыздық парағы қажет. Ал банк шоты, әлеуметтік аударымдар және тіркеуге қатысты бірқатар ақпаратты мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелер арқылы өздері алады.
Бала туғаннан кейін бала күтіміне арналған төлемді рәсімдеу мүмкіндігі туралы әйелдің телефон нөміріне SMS хабарлама жіберіледі. Азамат келісімін берген жағдайда өтінішті проактивті түрде қарау қарастырылған.
Төлем көлемі қалай есептеледі
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнайы салық режимі шеңберінде табысының 1 пайызын әлеуметтік аударым ретінде төлейді. Бұл ретте есепке алынатын табыс көлеміне заңнамада белгіленген шектеу қолданылады.
Жүктілік пен босануға байланысты төлемді есептегенде соңғы 12 айдағы, ал бала күтіміне арналған төлем үшін соңғы 24 айдағы табыс көрсеткіштері ескеріледі.
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем орташа айлық табыстың 40 пайызы мөлшерінде есептеледі. Мұнда белгіленген ең жоғары шек те назарға алынады.
Декрет кезінде жұмыс істеуге бола ма
Әлеуметтік төлем алып отырып, бұрынғы қызметті жалғастырып, сол жұмыстан табыс табуға болмайды. Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел кәсіпкерлік қызметін жалғастырса, ол табысынан айырылмаған болып есептелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда азаматқа кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс пен әлеуметтік төлемнің бірін таңдау қажет болады.
Егер жағдай өзгеріп, қызмет қайта жалғастырылса, бұл туралы 10 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкіметке» хабарлау керек. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемге қатысты мәліметтердің дұрыстығын тексеруге және негізсіз немесе артық төленген қаражатты қайтаруды талап етуге құқылы.